Жарияланған күні: 05.11.2018 12:37
Өзгертілген күні: 05.11.2018 12:39

Қос дәліз жүйесі – Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өтетін жеке тұлғаларға "жасыл" және "қызыл" дәліздер арасында дербес таңдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін кедендік бақылау жүргізудің оңайлатылған жүйесі.

 Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында қос дәліз жүйесі қолданылуы мүмкін.

      "Жасыл" дәліз Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында арнайы белгіленген, кедендік декларациялауға жатпайтын, иесімен бірге жөнелтілетін багаждағы жеке пайдалануға арналған тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге арналған орын болып табылады.

      "Қызыл" дәліз Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында арнайы белгіленген, кедендік декларациялауға жататын, иесімен бірге жөнелтілетін багаждағы жеке пайдалануға арналған тауарларды, сондай-ақ жеке тұлғаның қалауы бойынша оларға қатысты кедендік декларациялау жүзеге асырылатын тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге арналған орын болып табылады.

       Қос дәліз жүйесін қолдану Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өтетін жеке тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялауға байланысты кедендік операцияларды жасау (жасамау) үшін тиісті дәлізді ("қызыл" немесе "жасыл") өзі дербес таңдауын көздейді.

       "Жасыл" дәлізге кіру (келу) сызығынан жеке тұлғаның өтуі кедендік декларациялауға жататын тауарлардың жоқтығы туралы жеке тұлғаның мәлімдеуі болып табылады.

       Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарындағы қос дәліз жүйесін жайластыруға қойылатын талаптарды Комиссия айқындайды.

       Қос дәліз жүйесі қолданылатын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарының тізбесін, сондай-ақ осындай тізбені қалыптастыру тәртібін уәкілетті орган бекітеді.

       Қос дәліз жүйесі Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында ұйымдастырылған ресми тұлғалар мен делегациялар залдарында қолданылмауы мүмкін.

       Кедендік бақылаудың жекелеген нысандарының "жасыл" дәлізде қолданылмауы жеке тұлғаның Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау міндетінен босатылатынын білдірмейді.

       Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында қалыптасқан жедел жағдайлар ескеріле отырып, кеден органының шешімі бойынша айрықша жағдайларда қос дәліз жүйесі уақытша қолданылмауы мүмкін.

       Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында қос дәліз жүйесінің қолданылмауы осы тарауға сәйкес жеке тұлғаны кедендік декларациялауға жатпайтын тауарларды кедендік декларациялауды жүзеге асыруға міндеттеуге алып келмейді, сондай-ақ жеке тұлғаны кедендік декларациялауға жататын тауарларды декларациялау қажеттілігінен босатпайды.