Жарияланған күні: 02.11.2018 14:49
Өзгертілген күні: 02.11.2018 14:53

ТІРКЕЛГЕН САЛЫҚ

Осы тарауда қолданылатын негізгі ұғымдар

    Осы тарауда қолданылатын негізгі ұғымдар мыналарды бiлдiредi:

     1) арнайы аймақ – аумағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттері бар елді мекендер (Астана, Алматы қалаларын және облыстардың әкімшілік орталықтарын қоспағанда);

     2) бильярд үстелi – торлары (жақтауларда саңылаулары) бар және оларсыз бильярд ойынына арналған арнаулы үстел;

     3) карт – шанақсыз, дифференциалсыз және дөңгелектерiнде серпiндi аспа жоқ, жұмыс көлемi 250 текше сантиметрге дейін және ең жоғары жылдамдығы сағатына 150 километр болатын екiтактiлi қозғалтқышы бар, көлемi шағын жарыс автомобилi

  4) ойын жолы – боулинг ойынына арналған арнаулы жол (кегельбан);

  5) уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банк болып табылмайтын, қолма-қол шетел валютасымен айырбас операцияларын ұйымдастыру қызметін жүзеге асыруға лицензиясы және оған уәкілетті ұйымның айырбастау пункті (айырбастау пункттері) көрсетілген қосымшасы (қосымшалары) бар заңды тұлға;

  6) ұтыссыз ойын автоматы – ойындар өткiзу үшiн пайдаланылатын арнаулы жабдық (механикалық, электрлi, электрондық және өзге де техникалық жабдық).

Төлеушілер

 Уәкілетті ұйымдар, сондай-ақ:

  1. ұтыссыз ойын автоматтарын;
  2.  ойын өткізу үшін пайдаланылатын дербес компьютерлерді;
  3. ойын жолдарын (боулинг (кегельбан);
  4.  карттарды (картинг)
  5. бильярд үстелдерін (бильярд) пайдалана отырып, қызметтер көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тіркелген салықты төлеушілер болып табылады

Тіркелген салық салу объектілері

        Мыналар:

      1) бiр ойыншымен ойын өткiзуге арналған ұтыссыз ойын автоматы;

      2) бiреуден көп ойыншының қатысуымен ойын өткiзуге арналған ұтыссыз ойын автоматы;

      3) ойын өткiзу үшiн пайдаланылатын дербес компьютер;

      4) ойын жолы;

      5) карт;

      6) бильярд үстелi;

      7) уәкілетті ұйымның айырбастау пункті тіркелген салық салу объектiсi болып табылады.

Тіркелген салықтың мөлшерлемелері

1. Айына салық салу объектісінің бірлігіне тіркелген салықтың ең төмен және ең жоғары базалық мөлшерлемелерінің мөлшері:

Р/с

Салық салу объектісінің атауы

Тіркелген салықтың базалық мөлшерлемелерінің ең төмен мөлшері (айлық есептік көрсеткіш-термен)

Тіркелген салықтың базалық мөлшер-лемелерінің
ең жоғары мөлшері (айлық есептік көрсеткіш-термен)

1

2

3

4

1.

Бiр ойыншымен ойын өткiзуге арналған ұтыссыз ойын автоматы

1

12

2.

Бiреуден көп ойыншының қатысуымен ойын өткiзуге арналған ұтыссыз ойын автоматы

1

18

3.

Ойын өткiзу үшiн пайдаланылатын дербес компьютер

1

4

4.

Ойын жолы

5

83

5.

Карт

2

12

6.

Бильярд үстелі

3

25

7.

Уәкілетті ұйымның Астана немесе Алматы қалаларында орналасқан айырбастау пункті

30

100

8.

Уәкілетті ұйымның арнайы аймақта орналасқан айырбастау пункті

1

20

9.

Астана және Алматы қалаларын және арнайы аймақты қоспағанда, уәкілетті ұйымның елді мекенде орналасқан айырбастау пункті

10

50

       

    2. Салық мөлшерлемесі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және салықтық кезеңнің 1-күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш мөлшері негізге алына отырып айқындалады. 

     3. Бекітілген базалық мөлшерлемелер шегінде жергілікті өкілді органдар бір әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында қызметін жүзеге асыратын барлық салық төлеушілер үшін тіркелген салықтың бірыңғай мөлшерлемелерін белгілейді.    

 Тіркелген салық мөлшерлемелеріне өзгерістер енгізуді салық органы ұсынған хронометраждық зерттеу деректерінің негізінде жергілікті өкілді органдар жүргізеді.

      Жергілікті өкілді органдар белгілеген тіркелген салық мөлшерлемелері болмаған жағдайда, салықты есептеу кезінде тіркелген салықтың базалық мөлшерлемелерінің ең төмен мөлшерлері қолданылады.

   Салықтық кезең

 Күнтізбелік тоқсан тіркелген салық үшін салықтық кезең болып табылады.

 

Тіркелген салықты есептеу тәртібі мен төлеу мерзімі

1.Тіркелген салықты есептеу, егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 545-бабында айқындалған әрбір салық салу объектісіне тиісті салық мөлшерлемесін қолдану арқылы жүргізіледі

 2. Салық салу объектілері айдың 15-күнін қоса алғанға дейін пайдалануға берілген кезде тіркелген салық – белгіленген мөлшерлеме бойынша, 15-күнінен кейін белгіленген мөлшерлеменің 1/2 мөлшерінде есептеледі.

  3. Салық салу объектiлерi айдың 15-күнін қоса алғанға дейін шығып қалған кезде тiркелген салық – белгіленген мөлшерлеменің 1/2 мөлшерінде, 15-күнінен кейін белгіленген мөлшерлеме бойынша есептеледі.     

 Тіркелген салық есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-күнін кешіктірілмей салық салу объектілерінің тіркелген жері бойынша бюджетке төленуге жатады.

   4. Кәсіпкерлік қызметтің осы Кодекстің 543-бабының 5) тармақшасында және 544-бабында көрсетілмеген өзге де түрлерін жүзеге асыру кезінде тіркелген салықты төлеушілер қызметтің осындай түрлері бойынша кірістер мен шығыстардың бөлек есебін жүргізуге және жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен бюджетпен есеп айырысу жүргізуге міндетті.

 

Салық декларациясын тапсыру мерзімі

 

      Тіркелген салық бойынша декларация жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебі жеріндегі салық органына есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмей тапсырылады.