
Жалпы, мемлекеттік қызметтің миссиясы – халыққа адал қызмет ету және еліміздің ұлттық мүддесін тиімді қорғай білу. Мемлекеттік қызметші атану адамның кәсіби білімді, жауапкершілігі мол әрі білікті маман болуды және ең бастысы – өзгеге үлгі бола білуді қажет етеді.
Мемлекеттік қызметші болу – үлкен абырой, бірақ кәсіби тәжірибемен қатар жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болу да өте маңызды. Адамгершілік – адам бойындағы әдептілік, ол – ізгілік, адалдық ұғымдарымен егіз.
Атырау қаласында 2024 жылы өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек.», деп атап өткен болатын.
Осыған орай, «Адал азамат» идеясын жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік қызметшілер арасында патриотизм пен кәсібилік идеалдарын насихаттауға бағытталған 2025-2027 жылдарға арналған жол картасы бекітілді.
Жол картасының мақсаты «Адал азамат» идеалдарына сәйкес мемлекеттік қызметшілерді саналы түрде трансформациялауды қамтамасыз ету, сондай-ақ қазіргі қазақстандық мемлекеттік қызметшінің адамгершілік-әдептілік бейнесін құрайтын құндылықтар жүйесін ілгерілету болып табылады.
Мемлекеттік қызметшінің күнделікті өмірі кәсіби қызметпен тығыз байланысты. Мәдениет, білім, тәрбие деңгейі адамның іс- әрекетінде көрінетін ішкі рухани әлемін бейнелейді. Бұл тұста зұлымдық пен әділетсіздікке жол бермейтін ар-ождан – ішкі бақылаушы ретінде ерекше орын алады.
Cондықтан, мемлекеттік қызметші өзі қабылдайтын шешімдердің заңдылығын, әділдігін және ашықтығын қамтамасыз етеді, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға жол бермеуі тиіс.
Өйткені қоғам азаматқа мемлекеттік қызметші мәртебесін бере отырып, одан жүктелген міндеттердің сапалы орындалуын, мемлекеттің функциялары мен міндеттерінің тиімді іске асырылуын күтеді.
Мемлекеттік қызметшінің жеке дамуы жалпы қоғамдағы өзгерістердің бастауы болуы мүмкін. Оның тұлғасы қоғамға үлгі болуы керек. Ол үшін әрбір мемлекеттік қызметші жағымды адамгершілік және кәсіби қасиеттерін дамытуы және бұл жұмыстың нәтижелері оның күнделікті қызметінде көрінуі тиіс.
Шымкент қаласы бойынша МКД
басшысының орынбасары –
Әдеп жөніндегі уәкіл
Е.Өзбеков





























