Date of publication: 05.08.2026 11:32
Date of changing: 05.08.2026 11:39

Мемлекеттік кірістер органдарында мүдделер қақтығысына жол бермеу

Мемлекеттік кірістер органдары қызметінің заңдылығын, объективтілігін және ашықтығын қамтамасыз ету мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу талаптарын қатаң сақтаусыз мүмкін емес. Әрбір мемлекеттік қызметші заңдылық, бейтараптық, әділдік және адалдық қағидаттарын басшылыққа алып, өзінің қызметтік міндеттерін орындауға жеке мүдделерінің ықпал етуіне жол бермеуге міндетті.

Мүдделер қақтығысы мемлекеттік қызметшінің, оның туыстарының немесе өзге де байланысты тұлғалардың жеке мүдделері қабылданатын шешімдердің объективтілігіне әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін жағдайларда туындайды. Тіпті ықтимал мүдделер қақтығысының өзі азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Мемлекеттік кірістер органдарында мүдделер қақтығысының алдын алу мәселелері ерекше маңызға ие, өйткені қызметкерлер күн сайын салықтық және кедендік әкімшілендіруге, тексерулер жүргізуге, төлемдерді есептеуге, өтініштерді қарауға және мемлекеттік қызметтер көрсетуге байланысты шешімдер қабылдайды. Жеке мүдделіліктің кез келген көрінісі азаматтардың құқықтарының бұзылуына, мемлекеттік мүдделерге нұқсан келтірілуіне және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына алып келуі мүмкін.

Мүдделер қақтығысының алдын алу мақсатында мемлекеттік қызметшілер жеке мүдделіліктің бар екендігі туралы басшылықты уақтылы хабардар етуге, өзінің немесе жақын адамдарының мүдделеріне қатысты мәселелерді қарауға қатыспауға, сондай-ақ заңнама талаптарын, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін және ішкі нормативтік құжаттарды қатаң сақтауға міндетті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары мәдениетті қалыптастыруға, адалдық, ашықтық және жеке жауапкершілік қағидаттарын дәріптеуге ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу, қызметкерлерді оқыту және тұрақты ішкі бақылау мүдделер қақтығысына байланысты жағдайларды дер кезінде анықтауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Мүдделер қақтығысына жол бермеу – мемлекеттік кірістер органдарының әрбір қызметкерінің міндеті. Тек қызметтік әдеп нормаларын, объективтілік, заңдылық және ашықтық қағидаттарын қатаң сақтау ғана қоғамның мемлекеттік қызметке деген сенімін қамтамасыз етуге, салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға және мемлекеттік кірістер органдарының беделін нығайтуға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі – Е. Өзбеков.