Кедендік төлемдер, салықтар.
Кедендік баж ол дегеніміз тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕУЭО) кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты кеден органдары алатын міндетті төлем.
Кедендік төлемдерге, салықтарға төмендегілер жатады, олар:
- кедендік әкелу бажы;
- кедендік әкетубажы;
- тауарларды ЕУЭО кедендік аумағына әкелу кезінде алынатын қосылған құн салығы;
- тауарларды ЕУЭО кедендік аумағына әкелу кезінде алынатын акциз (акциздер);
- кедендік алымдар жатады.
Кедендік баждардың мөлшерлемелері мынадай түрлерге бөлiнедi:
- баж салынатын тауарлардың кедендік құнынан пайызбен белгіленетін – адвалорлық;
- заттай көріністегі физикалық сипаттамаларға (санына, салмағына, көлеміне немесе өзге де сипататтамаларына) қарай белгіленетін – өзіндік ерекшелікті;
- адвалорлық пен өзіндік ерекшелікті түрлерді ұштастыратын, аралас.
Кеден органдары тауарларды шығаруға, көлік құралдарын кедендік алып жүруге байланысты кедендік операцияларды жасағаны үшін, сондай-ақ ҚР « Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексте белгіленген өзге әрекеттерді жасағаны үшін алынатын міндетті төлемдер кедендік алымдар болып табылады.
Кедендік алымдардың мөлшерлемелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Кедендік алымдардың мөлшерлері кеден органдарының өздеріне байланысты кедендік алымдар белгіленген әрекеттер жасауына жұмсалатын шығындарының шамамен алынған құнынан аса алмайды.
Кедендік алымдарды төлеушілер, кедендік алымдардың түрлері, оларды төлеу, өндіріп алу және есепке жатқызу (қайтару) мерзімдері мен тәртібі, кедендік алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер, сондай-ақ кедендік алымдар төленбейтін жағдайлар Кодексте белгіленеді.
Кедендік алымдарға:
- тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендік алым;
- кедендік алып жүру үшін кедендік алым жатады. Бірнеше автомобильдік көлік құралымен өткізілетін тауарларды кедендік алып жүру кезінде кедендік алым сомасы көрсетілген көлік құралдарының санына пропорционалды түрде бөлінеді.
- алдын ала шешім қабылдау үшін кедендік алым жатады.
Төлеуші тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендік алымды, кедендік декларациялауды бергенге дейін немесе сонымен бір мезгілде төлейді.
Кедендік декларациялауға кедендік алымдарды есептеу үшін, егер Кодексте өзгеше белгіленбесе, кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күні қолданыста болатын мөлшерлемелер қолданылады.
Төлеуші кедендік алып жүру үшін кедендік алымды кеден органы кедендік алып жүру туралы шешім қабылдағаннан кейін, бірақ кеден органы осындай шешім қабылдаған күнді қоса алғанда, кедендік алып жүруді ұйымдастыру басталған күннен кешіктірмей төлейді.
Төлеуші кеден органының алдын ала шешім қабылдауы үшін кедендік алымды кеден органына алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш берілген күнді қоса алғанда, осындай өтініш берілген күннен кешіктірмей төлейді.
Тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендік алымды төлеу бойынша жеңілдіктер берілген кезде тұлғаның тауарларды пайдалану және оларға билік ету жөніндегі шектеулерді бұзған күні осы алымды төлеу мерзімі болып есептеледі. Егер шектеулер бұзылған күнді анықтау мүмкін болмаса, кедендік декларация тіркелген күн кедендік декларациялау үшін кедендік алымды төлеу мерзімі болып есептеледі.
Тауарларды ЕУЭО кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізген кезде тауарларды ЕУЭО кедендік шекарасы арқылы өткізу күні тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендік алымды төлеу мерзімі болып есептеледі. Егер тауарларды ЕУЭО кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу күнін анықтау мүмкін болмаса, тауарларды ЕУЭО кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу фактісі анықталған күн кедендік декларациялау үшін кедендік алымды төлеу мерзімі болып есептеледі.
Кедендік алымдарды бюджетке төлеу Кодексте кедендік баждарды, салықтар мен өсімпұлдарды төлеу үшін көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Кедендік алымдар Кодексте белгіленген мерзімде уақтылы немесе толық төленбеген жағдайда, төлеуші кедендік баждар, салықтар бойынша өсімпұлдарды төлеу үшін белгіленген тәртіппен өсімпұлдар төлейді.
Шымкент қаласы бойынша МКД
Түсіндіру жұмыс басқармасы