
Соттан тыс банкроттық - бұл рәсімді азаматтар тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштар бойынша келесі шарттарға сәйкес қолдана алады:
- банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы борыш 1 600 АЕК-тен аспайды;
- қарыз 12 ай ішінде өтелмеген;
- мүлік жоқ;
- қарыздар бойынша банкпен реттеу рәсімі жүргізілген.
Сонымен қатар, заңда ерекше жағдайлар қарастырылған:
- атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін (12 ай ішінде төлемнің болмауы туралы критерий қолданылмайды);
- берешегі 5 жылдан артық өтелмейтін азаматтар үшін (олар бойынша мүліктің бар-жоғын тексеру және берешек сомасы бойынша шектеулер белгіленбейді).
Қарызды реттеу тәртібі дегеніміз не?
2021 жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда кредитті өтеуде қиындықтарға тап болған азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеу тәртібі қолданылады. Ол банктер мен микроқаржы ұйымдарына таралады. Мерзімі өткен қарыз алушылар ол басталған күннен бастап 30 күннің ішінде қарыз бойынша мәселені шешу үшін банкке және/немесе микроқаржы ұйымына өтінішпен жүгінуге тиіс.
Арызды азамат «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы, яғни eGov және ХҚКО арқылы электрондық нысанда береді. Бұдан басқа, «e-Salyq Azamat» қосымшасы арқылы арыз беру мүмкіндігі іске асырылған.