Date of publication: 12.10.2018 17:48
Date of changing: 12.10.2018 17:49

Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы дегеніміз Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕУЭО) кедендік аумағының шектері, сондай-ақ ЕУЭО шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес ЕУЭО мүше мемлекеттердің аумақтарындағы жекелеген аумақтардың шектері болып табылады.

         ЕУЭО кедендік шекарасын кесіп өткеннен кейін тасымалдаушы немесе жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізетін адам тауарларды келу орнына немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған жағдайларда және тәртіппен өзге орындарда  жеткізуге тиіс.

         Бұл ретте тауарлар орамасының бұзылуына, сондай-ақ салынған пломбаларды, мөрлерді және өзге де сәйкестендіру құралдарын өзгертуге, алып тастауға, жоюға, зақымдауға немесе ауыстыруға болмайды.

          Жеке пайдалануға арналған, тасымалдаушы жеткізетін тауарлар ол ЕУЭО кедендік шекарасы арқылы өтпеген жеке тұлғаның атына не ЕУЭО кедендік шекарасы арқылы өтпеген жеке тұлғаның атынан көліктік (тасымалдау) құжаттарымен расталатын халықаралық тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы (көлік экспедициясы) ЕУЭО кедендік шекарасы арқылы өткізетін, жеке пайдалануға арналған тауарлар.

         Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке тұлғалар әкелетін жеке пайдалану үшін тауарларға қатысты олар ЕУЭО кедендік аумағына келгеннен кейін кедендік операциялар жасалады.

         Тасымалдаушы кеден органын тауарларды тасымалдау (тасу) жүзеге асырылатын көліктің түріне қарай  құжаттар мен мәліметтерді ұсыну арқылы не электрондық құжат түрінде ұсынылған алдын ала ақпаратты тіркеу нөмірі туралы мәліметті қамтитын құжатты ұсыну арқылы төменде көрсетілген мерзімдерде тауарлардың ЕУЭО кедендік аумағына келуі туралы хабардар етуге міндетті.

  • автомобиль көлігімен тасымалданатын тауарларға қатысты – тауарлар келу орнына жеткізілген кезден бастап бір сағат ішінде, ал тауарлар келу орнына кеден органының жұмыс уақытынан тыс уақытта жеткізілген жағдайда – кеден органының жұмыс уақыты басталған кезден бастап бір сағат ішінде;
  • су, әуе немесе теміржол көлігімен тасымалданатын тауарларға қатысты – халықаралық тасымалдауды жүзеге асырған кезде порттың, әуежайдың немесе теміржол станциясының технологиялық процесімен (кестесімен) белгіленген уақыт ішінде.

           Құжаттар мен мәліметтерді тасымалдаушының атынан кеден өкілі не тасымалдаушының тапсырмасы бойынша әрекет ететін өзге тұлғалар ұсынуы мүмкіншілік бар.

         ЕУЭО кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында қос дәліз жүйесі қолданылуы мүмкін.

 

         Қос дәліз жүйесі ол ЕУЭО кедендік шекарасы арқылы өтетін жеке тұлғаларға "жасыл" және "қызыл" дәліздер арасында өз бетінше таңдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін кедендік бақылау жүргізудің оңайлатылған жүйесі.

         "Жасыл" дәліз ЕУЭО кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында арнайы белгіленген, кедендік декларациялауға жатпайтын, иесімен бірге жөнелтілетін багаждағы жеке пайдалануға арналған тауарларды ЕУЭО кедендік шекарасы арқылы өткізуге арналған орын болып табылады.

      "Қызыл" дәліз ЕУЭО кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында арнайы белгіленген, кедендік декларациялауға жататын, иесімен бірге жөнелтілетін багаждағы жеке пайдалануға арналған тауарларды, сондай-ақ жеке тұлғаның қалауы бойынша оларға қатысты кедендік декларациялау жүзеге асырылатын тауарларды ЕУЭО кедендік шекарасы арқылы өткізуге арналған орын болып табылады.

         Қос дәліз жүйесін қолдану ЕУЭО кедендік шекарасы арқылы өтетін жеке тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялауға байланысты кедендік операцияларды жасау (жасамау) үшін тиісті дәлізді ("қызыл" немесе "жасыл") жеке тұлға өзі таңдайды.

         "Жасыл" дәлізге кіру (келу) сызығынан жеке тұлғаның өтуі кедендік декларациялауға жататын тауарлардың жоқтығы туралы жеке тұлғаның мәлімдеуі болып табылады.

         Қос дәліз жүйесі қолданылатын ЕУЭО кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарының тізбесін, сондай-ақ осындай тізбені қалыптастыру тәртібін уәкілетті орган бекітеді.

         Кедендік бақылаудың жекелеген нысандарының "жасыл" дәлізде қолданылмауы жеке тұлғаның ЕУЭО кеден заңнамасын және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау міндетінен босатылатынын білдірмейді.

         ЕУЭО кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында қалыптасқан жедел жағдайлар ескеріле отырып, кеден органының шешімі бойынша айрықша жағдайларда қос дәліз жүйесі уақытша қолданылмауы мүмкін.

         ЕУЭО кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында қос дәліз жүйесінің қолданылмауы осы тарауға сәйкес жеке тұлғаны кедендік декларациялауға жатпайтын тауарларды кедендік декларациялауды жүзеге асыруға міндеттеуге алып келмейді, сондай-ақ жеке тұлғаны кедендік декларациялауға жататын тауарларды декларациялау қажеттілігінен босатпайды.

 

Шымкент қаласы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаменті

Түсіндіру жұмыс басқармасы