Date of publication: 02.11.2018 16:28
Date of changing: 02.11.2018 16:37

Салық және міндетті төлемдер бойынша берешегі өтелмеген жағдайда төмендегі мәжбүрлеп өндіру тәсілдері қолданылады.

         Ол үшін, Салық кодексінің 114 бабына сәйкес «салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама» (Хабарлама) түзіліп, салық төлеушіге табыс етіледі.

     Салық органы салық төлеушіге (салық агентіне) қағаз жеткізгіште немесе электрондық тәсілмен жіберген, оның салықтық міндеттемені орындау, сондай-ақ бақылау салық органдарына жүктелген әлеуметтік төлемдерді толық есептеу және уақтылы төлеу қажеттігі туралы хабары хабарлама деп танылады

         Салық төлеушінің (салық агентінің) белгіленген мерзімде орындалмаған салықтық міндеттемесін орындау тәсілі:

 

  • салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемдердің төленбеген сомасына өсімпұлды есепке жазу.

 

         Салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемдердің мерзiмiнде төленбеген сомасына есепке жазылатын мөлшер өсiмпұл деп танылады.

         Салықты және бюджетке төленетін төлемді, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемді төлеу мерзімі күнінен кейінгі күннен бастап, бюджетке төлеген күнді қоса алғанда, салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындаудың мерзімі өткен әрбір күні үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мерзімі өткен әрбір күнге белгілеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде есептеледі.

 

  • Салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру

 

         Салық кодексінің 118 бабына сәйкес, салықтық берешек өтелмеген жағдайда хабарлама табыс етілген күннен бастап он жұмыс күні өткен соң салық төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылады.

         Салық төлеушiнің (салық агентінің) банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органының өкiмi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен келісу бойынша уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша шығарылады және екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым оны алған күннен бастап күшiне енедi.

         Салық органы мұндай өкімді екінші деңгейдегі банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда телекоммуникация желілері бойынша беру арқылы жібереді. Салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органының өкімі электрондық нысанда жіберілген кезде мұндай өкім Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп уәкілетті орган белгілеген форматтарға сәйкес қалыптастырылады.

         Шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiм шығарған салық органы банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру себептерi жойылған күннен кейiнгi бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiмнiң күшiн жояды

 

  • Салық төлеушінің (салық агентінің) кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру

        

         Салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде салықтық берешек өтелмеген жағдайда, салық органы салықтық берешек есебіне салық төлеушінің (салық агентінің) – заңды тұлғаның, заңды тұлға құрылымдық бөлімшесінің, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің, дара кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруды жүргізеді.

         Салық органы салық төлеуші бюджетке берешекті өтегеннен кейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей салық органының касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімінің күшін жояды.

 

  • Салық төлеушiнiң (салық агентінің) мүлікке билік етуін шектеу

 

         Салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама алынған күннен бастап он бес жұмыс күнi өткен соң салықтық берешек өтелмеген жағдайда салық төлеушінің мүлікке билік етуін шектеу тәсілі қолданылады.

         Салық төлеушінің (салық агентінің) мүлікке билік етуін шектеу туралы шешiм уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша жасалады және оны салық органы шығарылған күнi салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) жеке шотында бар деректер бойынша салықтық берешек сомасы көлемінде қалыптастырады.

         Салық органы мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімді салық төлеушіге (салық агентіне) табыс еткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей мұндай шешімнің көшірмесін уәкілетті мемлекеттік органдарға оған құқық немесе ол бойынша мәмілелер мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікке не мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікке құқықтық ауыртпалықтарды тіркеу үшін жібереді.

         Салық төлеушінің (салық агентінің) мүлкіне билік етуді шектеу туралы шешім салық төлеушіге (салық агентіне) табыс етілген күннен бастап он жұмыс күні өткен соң салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша мүлік тізімдемесінің актісін жасау арқылы салық төлеушінің (салық агентінің) қатысуымен билік ету шектелген мүлікке тізімдеме жүргізеді.

         Салықтық берешек өтелмеген және екі аукцион өткізілгеннен кейін билік ету шектелген мүлік өткізілмеген жағдайда, салық органы бастапқы тізімдеме актісінің күшін жою және мүлік тізімдемесінің жаңа актісін жасау күнгі салықтық берешек сомасы туралы салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотындағы деректерді ескере отырып, мүлік тізімдемесінің жаңа актісін жасау арқылы салық төлеушінің (салық агентінің) басқа мүлкіне тізімдеме жүргізуге құқылы. 

Салық органы төмендегі жағдайларға сәйкес:

  • салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешек сомаларын өтеген жағдайда – осындай берешекті өтеген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей;
  • уәкілетті орган шешім шығарған немесе тексеру нәтижелері туралы хабарламаның шағым жасалатын бөлігінің күшін жоятын сот актісі заңды күшіне енген жағдайда – осындай шешім шығарылған немесе осындай сот актісі күшіне енген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей;
  • салық төлеуші (салық агенті) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға өз шағымын кері қайтарып алған жағдайда – осындай шағым кері қайтарып алынған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей мүлiкке билік етуді шектеу туралы шешiмнің және уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша осындай шешімнің негізінде жасалған мүлік тізімдемесі актісінің күшін жояды.

         Салық органдары салықтық берешек туындаған күннен бастап төрт ай ішінде өтелмеген:

      дара кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысатын адамдардың – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшерінен асатын;

      заңды тұлғалардың, олардың құрылымдық бөлімшелерінің – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 150 еселенген мөлшерінен асатын салықтық берешегі бар салық төлеушілердің (салық агенттерінің) тізімін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

         Бұл ретте тізімдерде салық төлеушінің (салық агентінің) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) не атауы, экономикалық қызмет түрі, сәйкестендіру нөмірі, салық төлеуші (салық агенті) басшысының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және салықтық берешегінің жалпы сомасы көрсетіледі.

         Уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған салық төлеушілердің (салық агенттерінің) тізімі осы бапта көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес келетін салық төлеушілерді (салық агенттерін) қосу, сондай-ақ салықтық берешегін өтеген немесе салықтық міндеттемелері тоқтатылған салық төлеушілерді (салық агенттерін) шығару арқылы аяқталған тоқсаннан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірілмей тоқсан сайын жаңартылады.

 

Шымкент қаласы бойынша МКД

Түсіндіру жұмыс басқармарсы