Date of publication: 23.11.2018 15:15
Date of changing: 23.11.2018 15:17

«Сыбайлас жемқорлықпен күресу мәселелері туралы»

                                                        

Бүгінгі таңда, біздің ел мүлде жаңа қоғамда өмiр сүрiп жатыр және көптеген жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Дегенімен, әлеуметтік салада қоғам өмiрiнде түбегейлi шешiмi табылмай тұрған мәселе, ол – сыбайлас жемқорлық.

Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси неме экономикалық даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын  әлемдегі  барлық  елдердің  қай-қайсысын  да  қатты  алаңдататыны  анық.

«Сыбайлас жемқорлық» деген сөздің өзі «corruptio» деген латын сөзінен  «параға сатып алу», «пара» деген ұғымды білдіреді. Рим құқығында «corrumpire»  деген түсінік болған, ол жалпы сөзбен айтқанда «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» деген түсінік беріп, құқыққа қарсы іс - әрекетті білдірген.

Бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп дөп басып айтқан. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.

Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Тәжірибе көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, т.с.с. қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму процесін баяулататын және елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс.

Сол себепті, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқығын түсіндіру жұмыстарының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор.

Барлық азаматтар өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты тәртібін толық білулері қажет.

Бұл тұрғыда, халықпен тығыз қарым-қатынаста болатын мемлекеттік кірістер органдары тарапынан ауқымды түсіндіру шаралары жүргізілуде.

Атап айтқанда, салық және кеден заңнамалары мен оларды қолдану ережелері, мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама тұрақты түрде мемлекеттік кірістер органдарының ресми сайттарында, әлеуметтік парақшаларында жарияланып тұрады.

Салықтөлеушілермен өткізілетін семинар, дөңгелек столдар және басқа да кездесулер де түсіндірме жұмыстарының тиімділігін арттыруда.

Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер органдарының ресми сайттарында және барлық әкімшілік ғимараттарында «сенім телефондары» мен әдеп жөніндегі уәкіл туралы мәліметтер орналастырылған.

Осылайша, бүгінгі таңда мемлекеттік кірістер органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу іс-шаралары шеңберінде, халық арасындағы құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру және профилактикалық жұмыстарға ерекше мән берілуде.

 

Шымкент қаласы бойынша МКД

Әдеп жөніндегі уәкіл міндеттерін атқарушысы

Т.Тленшин