
"Көлік құралдары салығы, жер салығы мен мүлік салығы бойынша декларация (700.00-нысан)"
ҚР Салық кодексінің 490, 498 және 517-баптарында көрсетілген салық төлеушілер, сондай-ақ Салық кодексінің 530-бабында көрсетілген объектілер бойынша жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, жер қойнауын пайдаланушылар, жеке кәсіпкерлер болып табылмайтын жеке тұлғалар "Көлік құралдары салығы, жер салығы мен мүлік салығы бойынша декларация (700.00-нысан)" толтыруы тиіс. Бұл салық есептілігін жасау тәртібі "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес әзірленген «Салық есептілігі нысандарын және оларды жасау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 12 ақпандағы № 166 бұйрығымен бекітілген.
Декларация Декларацияның өзінен (700.00-нысан) және көлік құралдары салығын, жер салығын және мүлік салығын салуға байланысты объектілер туралы ақпаратты егжей-тегжейлі көрсетуге арналған қосымшалардан (700.01-ден 700.03-ге дейінгі нысандар) тұрады.
Декларацияны толтыру кезінде түзетуге, өшіруге және тазалауға жол берілмейді.
Көрсеткіштер болмаған кезде Декларацияның тиісті торкөзі толтырылмайды.
Декларацияға қосымшалар тиісті көрсеткіштерді ашуды талап ететін декларациядағы жолдар толтырылған кезде міндетті тәртіпте толтырылады.
Декларацияға қосымшалар оларда көрсетілуге тиіс деректер болмаған жағдайда жасалмайды.
Декларацияға қосымшалардың парағында бар жолдардағы көрсеткіштердің саны асып кеткен жағдайда Декларацияға қосымшаның осындай парағы қосымша толтырылады.
Осы Қағидаларда мынадай арифметикалық таңбалар қолданылады: "+"– қосу; "–"– алу; "х" – көбейту; "/" – бөлу; "="– тең.
Соманың теріс мәні Декларацияның тиісті жолының (бағанының) бірінші сол жақтағы торкөзінде "– " белгісімен белгіленеді.
Декларация жасау кезінде:
1) қағаз жеткізгіште – қара немесе көк сиялы қаламмен немесе қаламұшпен, баспаханалық бас әріптермен немесе баспа құрылғысын пайдалана отырып толтырылады;
2) электрондық нысанда – Салық кодексінің 208-бабына сәйкес толтырылады.
Салық төлеуші (салық агенті) декларацияны Салық кодексінің 204-бабының 2-тармағына сәйкес қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде қазақ және (немесе) орыс тілдерінде жасайды, қол қояды, (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда мөрмен не электрондық цифрлық қолтаңбамен) куәландырады.
Декларацияны табыс ету кезінде:
1) келу тәртібінде қағаз жеткізгіште – екі данада жасалады, бір данасы декларацияны қабылдаған мемлекеттік кірістер органы қызметкерінің тегі, аты, әкесінің атын (болған кезде) мен қойылған қолы және мөрдің (мөртабан) бедері белгісімен салық төлеушіге (салық агентіне) қайтарылады.
2) пошта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен қағаз жеткізгіште – салық төлеуші (салық агенті) пошта немесе өзгелей байланыс ұйымының хабарламасын алады;
3) ақпараттарды компьютерлік өңдеуге жол беретін электрондық нысанда – салық төлеуші (салық агенті) мемлекеттік кірістер органдарының салық есептілігін қабылдау жүйесінің салық есептілігінің қабылданғаны немесе қабылданбағандығы туралы хабарлама алады.
Лизинг шарттары бойынша берілген (алынған) объектілер бойынша декларацияны және тиісті оған қосымшаларды лизинг алушы толтырады және тапсырады.
Пайлық инвестициялық қор активтерiнiң құрамына кiретiн жер салығы мен мүлік салығы салынатын объектiлер бойынша декларацияны пайлық инвестициялық қордың басқарушы компаниясы толтырады және тапсырады.
Концессия шарты бойынша берілген мүлік салығы салынатын объектілер бойынша декларацияны концессионер толтырады және тапсырады.
Декларацияға қосымшалардың (700.01-ден 700.03-ге дейінгі нысандар) "Салық төлеуші туралы жалпы ақпарат" бөлімінде осы декларацияның "Салық төлеуші туралы жалпы ақпарат" бөлімінде көрсетілген тиісті деректер көрсетіледі.
Декларацияның нысаны мен толтыру тәртібін толығырақ келесі сілтемеден қарауға болады: http://10.61.43.123/kaz/docs/V1800016448#z637.
Түсіндіру жұмыс басқармасы
Шымкент қаласы бойынша МКД