ҚР Әділет министрінің 09 қараша 2018 жылғы №1408 бұйрығымен бекітілген «2017-2022 жылдарға арналған құқықтық ағарту саласын жаңғырту бойынша Концепциясын жүзеге асыруға арналған іс-шаралар жоспарының» 32 тармағын орындау үшін және құқықтық ағартудың тиімді жолдарын қалыптастыру мақсатында, сондай-ақ, құқықтық білім алуға мұқтаж жандардың категориясын анықтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы субъектілердің қызметкерлерінде өзінің қызметтік міндеттерін орындау барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы нық мінез-құлық және жауапкершілік қалыптастыру, азаматтар арасында сыбайлас жемқорлық көріністерін және оның салдарларын болдырмау бағытында ағымдағы жылы Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметімен (әрі қарай-Шымкент қаласы бойынша МКД) келесі жұмыстар атқарылды.
Шымкент қаласы бойынша МКД өз құзыреті шегінде тұрғындарды құқықтық ақпараттандыруды төмендегі тәсілдермен жүзеге асырады:
- Мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарына ақпараттар орналастыру (Департаменттің сайты, әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары және т.б.)
- Қол жетімді орындарда кеңес берулер (әкімшіліктер, ХҚКО, қоғамдық қабылдауларда, кестеге сәйкес Департамент басшысының жеке қабылдауларында және т.б.);
- Жаднама мен буклеттер әзірлеу;
- Қоғамдық орындар (стадиондар, парктер, қоғамдық қабылдаулар, лифттер, театрлар, кинотеатрлар, вокзалдар, мәдениет сарайлары және т.б) мен білім беру ұйымдарында визуальды ақпараттарды (билбордтар, баннерлер, ақпараттық тақталар мен LED-экрандар) пайдалану (2019 жылы жоспарлануда);
- Тақырыптық теле және радио бағдарламаларды трансляциялау (2019 жылы жоспарлануда);
Ұсынылған ақпарат заманауи, әрі қолжетімді, мемлекеттік және орыс тілдерінде. Ақпараттарда заңнамадағы өзгерістер, заңнамамен бекітілген азаматтардың міндеттемелері, жауапкершілігі мен құқықтарын қорғауға бағытталған басты механизмдер түсіндірілген.
Қазақстан Респуликасының Қылмыстық кодексінің 5 бөліміне сәйкес, «Қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату», оның ішінде 65-бабы «Шынайы өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату»: қылмыстық теріс қылық жасаған не алғаш рет қылмыс жасаған адам, кінәлі адамның жеке басы, айыбын мойындап келуі, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, тергеп-тексеруге ықпал еткені, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрген зиянды қалпына келтіруі ескеріле отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
ҚР ҚК 68-бабына сәйкес, «Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату»: қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
Қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, егер олар жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Қылмыстық жауаптылықтан босату кезінде кәмелетке толмаған адамға тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
Қылмыстық құқық бұзушылықпен қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтірілген жағдайларда, осы баптың бірінші немесе екінші бөлігінде көрсетілген адам, егер ол шынайы өкінсе және қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне келтірілген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
ҚР ҚК 245-бабының ескертпесіне сәйкес, «Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару»: Осы бапта көзделген іс-әрекетті алғаш рет жасаған адам (қылмыстық топ жасаған іс-әрекетті қоспағанда) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген салықтар және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешекті, сондай-ақ өсімпұлды өз еркімен төлеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Экономикалық тергеу қызметі,
Шымкент қаласы бойынша МКД