Date of publication: 06.05.2019 18:25
Date of changing: 06.05.2019 18:27

Камералдық кедендiк тексеру кедендік операцияларды жасау кезінде және (немесе) кеден органдарының талап етуі бойынша тексерiлетiн тұлға ұсынған кедендiк декларациялардағы және (немесе) коммерциялық, көлiктiк (тасымалдау) және өзге де құжаттардағы мәлiметтердi, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының құжаттары мен мәліметтерін, сондай-ақ кеден органдарында бар және тексерілетін тұлғаға қатысты басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау арқылы, оның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижелері бойынша жүргізіледі.

         Камералдық кедендік тексеруді кеден органдары тексерілетін тұлғаға бармай, сондай-ақ кеден органының камералдық кедендік тексеруді жүргізу туралы шешімін (нұсқамасын) ресімдемей, кеден органының тұрған жері бойынша жүргізеді.

         Кеден органы тексерілетін тұлғаны камералдық кедендік тексеруді жүргізудің басталғаны туралы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен және нысан бойынша хабардар етеді.

         Осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген, кеден органының басшысы немесе кеден органы басшысының орынбасары қол қойған хабарламаны жіберген күн камералдық кедендік тексеруді жүргізу басталған күн болып саналады.

         Камералдық кедендік тексеруді жүргізу мерзімі алты айдан аспауға тиіс.

         ҚР «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің 417 бабының 3-тармағының 3), 4), 5), 6) және 8) тармақшаларында көзделген негіздерді қоспағанда, кеден органы бұрын камералдық кедендік тексеру жүргізген тауарларға нақ сол кеден органының қайтадан камералдық кедендік тексеру жүргізуіне жол берілмейді.

         Кодекстің 202-бабында көзделген шартты түрде шығарылған тауарларға, өздеріне қатысты 2001 жылғы 12 маусымдағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 250-бабында және 2017 жылғы 25 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 427-бабында көзделген пайдаланылуы және билік етілуі бойынша шектеулер бар тауарларға қатысты, сондай-ақ  Кодекстің 416-бабының 6-тармағында көзделген жүргізілетін камералдық кедендік тексеру нысанасы алдыңғы камералдық кедендік тексерулерде қамтылмаған жағдайларда қайтадан камералдық кедендік тексеруге жол беріледі.

         Камералдық кедендік тексеруді жүргізу барысында кеден органы тексерілетін тұлғаға Кодекстің 426-бабында көзделген құжаттарды және (немесе) мәліметтерді уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша ұсыну жөнінде талап жібереді.

         Құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну мерзімі талап табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күнінен аспауға тиіс. Қажет болған кезде, кеден органы құжаттарды ұсыну мерзімін тексерілетін тұлғаның уәжді сұрау салуы бойынша бес жұмыс күніне дейін ұзартуы мүмкін.

         Камералдық кедендік тексеру кезінде тексерілетін тұлға кедендік декларацияда мәлімделген құжаттарды талап ету бойынша ұсынбаған жағдайда, осындай құжаттардың негізінде кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтер анық мәлімделмеген болып есептеледі.

         Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттар болмаған кезде кедендік баждардың, салықтардың сомаларын кеден органы кедендік баждар, салықтар мөлшерлемелерінің неғұрлым жоғары шамасын, сондай-ақ кеден органының қолда бар мәліметтерінің негізінде айқындалуы мүмкін тауарлардың санын және (немесе) құнын негізге ала отырып айқындайды.

 

Шымкент қаласы бойынша МКД

Түсіндіру жұмыс басқармасы.