
100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 42-ші қадамымен Қазақстан Республикасының азаматтары мен тұруға ықтиярхаты бар тұлғалардың 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға көшуі көзделген.
Бұл ретте заңнамаға декларанттардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді, жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларациясы (250.00-ші нысанды декларация) оңтайландырылды, халықтың оқуға, оның ішінде балаларды қоса алғанда, медициналық қызметке ақы төлеуге, банктік несиелері бойынша сыйақы төлеуге арналған шығыстарын шегерімге жатқызуға мүмкіндіктер берілді, қолма-қол ақшаның, сондай-ақ дебиторлық және кредиторлық берешектердің және декларациядағы басқа да активтердің құнын көрсету шегі ұлғайтылды.
Еgov.kz "Электрондық үкімет" порталында жеке тұлғаның мүлкі туралы мәліметтерді салық декларациясында автоматты түрде толтыру функционалы әзірленді.
Ағымдағы жылдың 03 шілдесінде жалпыға бірдей декларациялауды енгізуді 2020 жылғы 1 қаңтардан 2021 жылғы 1 қаңтарға ауыстыруды және бұдан әрі кезең-кезеңімен көшуді көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (№262-VI ҚРЗ)Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Бірінші кезеңде – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациалау шеңберіндегі декларацияны:
жауапты мемлекеттік лауазымдағыадамдар мен олардың жұбайы (зайыбы);
мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар мен олардың жұбайы (зайыбы);
мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайы (зайыбы);
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес декларация ұсыну жөніндегі міндет жүктелген адамдар болып табылатын жеке тұлғалар тапсырады.
Екінші кезеңде – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлері мен олардың жұбайы (зайыбы), сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері мен олардың жұбайы (зайыбы) болып табылатын жеке тұлғалар тапсырады.
Үшінші кезеңде – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастапзаңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайы, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайы тапсырады.
Төртінші кезеңде – 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаттары декларация тапсырады.
Шымкент қаласы бойынша МКД
түсіндіру жұмысы басқармасы