Date of publication: 27.02.2020 17:39
Date of changing: 27.02.2020 17:40

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында анықталғандай, микро және шағын бизнес субъектілерін 3 жылға босату сыртқы экономикалық қызметті (бұдан әрі - СЭҚ) жүзеге асыратын салық төлеушілерге қолданылмайды.

Жалпы қабылданған түсінікке сүйене отырып, СЭҚ – өндірістік, ғылыми - техникалық салада, тауардың экспорты, импорты және кәсіпорындардың халықаралық өткізу нарығына шығуында жүзеге асырылатын шаруашылық қызмет саласы ретінде түсініледі.

Еуразиялық экономикалық одақта (бұдан әрі-ЕАЭО) тауарлардың, сондай-ақ, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы және экономика салаларында үйлестірілген, келісілген немесе бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз етіледі.

Жоғарыда көрсетілген шектеу ЕАЭО шеңберіндегі сыртқы экономикалық қызметке қолданылмайды деп есептейміз.

Осылайша, салық салу мақсаттары үшін сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар деп үшінші елдермен қатысты тауарлар импорты мен экспортын, жұмыс пен қызмет көрсетуді жүзеге асыратын тұлғалар түсініледі деп пайымдаймыз.

Егер кәсіпкерде есепті кезең ішінде СЭҚ шеңберінде бір операция болса, онда ол осындай есепті салық кезеңіне салықтан босатуды қолдану құқығынан айырылады.

Есепті салық кезеңі қолданылатын арнаулы салық режиміне (бұдан әрі – АСР) байланысты айқындалады. Мысалы, патент және (немесе) тіркелген шегерім негізінде АСР бойынша қызметті жүзеге асыратын салық төлеушілер үшін есепті салық кезеңі күнтізбелік жыл, ал оңайлатылған декларация негізінде АСР бойынша - жарты жыл болып табылады.

Осылайша, СЭҚ бойынша операцияларды жүзеге асыруға байланысты салық салудан босату жөніндегі шарттар бұзылған жағдайда, мұндай есепті кезең үшін салық төлеуші Салық кодексінде белгіленген тәртіппен бюджетпен өзара есеп айырысуды жүзеге асырады.

 

 

Шымкент қаласы бойынша МКД

Түсіндіру жұмыс басқармасы