Жарияланған күні: 24.12.2018 14:03
Өзгертілген күні: 24.12.2018 14:05

Дара кәсіпкерлердің жекелеген санаттарының қызметін оңайлатылған тәртіппен тоқтату  камералдық бақылау жүргізілмей, қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті беру кезінде бір мезгілде төмендегі шарттарға сәйкестігі болу қажет:

      1) қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмайтын;

      2) бірлескен кәсіпкерлік нысанында қызметті жүзеге асырмайтын;

      3) көрсетілген жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асырмайтын;

     4) тәуекелдерді бағалау жүйесі іс-шараларының нәтижелері бойынша салықтық тексерулер жоспарында немесе ішінара салықтық тексерулер тізімінде жоқ не тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін салықтық тексерулердің жартыжылдық графигінде жоқ болуы;

     5) салықтық берешегі, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі жоқ болуы;

         Дара кәсіпкер қызметті оңайлатылған тәртіппен тоқтату кезінде дара кәсіпкер өзінің орналасқан жеріндегі салық органына бір мезгілде қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті сонымен қатар,

- таратудың салықтық есептілігін;

- касса машинасын (ол бар болған кезде) есептен шығару туралы салықтық өтінішті ұсынады.

         Таратудың салықтық есептілігі қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері және әлеуметтік төлемдер бойынша қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш ұсынылған салықтық кезеңнің басынан бастап осындай өтініш ұсынылған күнге дейінгі кезең үшін жасалады.

         Дара кәсіпкер қызметті оңайлатылған тәртіппен тоқтату кезінде таратудың салықтық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу салық органына таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірімей жүргізеді.

         Егер таратудың салықтық есептілігінің алдында ұсынылған салықтық есептілікте көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

         Салық органы, салық төлеуші салықтық міндеттемесін орындаған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей дара кәсіпкерді тіркеу есебінен шығаруды жүзеге асырады және уәкілетті органның интернет-ресурсында дара кәсіпкердің тіркеу есебінен шығарылғаны туралы ақпаратты орналастырады.

 

Түсіндіру жұмыс басқармасы

Шымкент қаласы бойынша МКД