Жарияланған күні: 21.09.2018 15:02
Өзгертілген күні: 21.09.2018 15:03

           Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті ағымдағы жылдың 21 мамырынан бастап,  «Атамекен» ҰКП қолдауымен «Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал» жалпыреспубликалық акцияның басталғандығын хабарлайды.

Акция тауарларды сатып алу, жұмысты орындау және қызмет көрсету үшін қолма-қол төлем жасау барысында, кәсіпкерлермен түбіртек беру бөлігінде, бақылау-кассалық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған.

Әрбір қазақстандық өзінің белсенді іс-әрекетімен көлеңкелі экономиканың көлемін қысқартуға және кәсіпкерлер арасында әділ бәсекелестікті ынталандыруға үлес қосады. Басқаша айтқанда, азаматтар тауар, жұмыс және қызмет ақысын төлеу барысында түбіртек талап ете отырып, мемлекетке салық жинауға көмек көрсете алады.

Ағымдағы жылы да акция «Wipon» ұялы қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. 

Бұл қосымшаны AppleAppstore және GooglePlaymarket-тен тегін жүктеп алуға болады.

Акцияға Қазақстан Республикасының азаматы тауар, жұмыс немесе қызметті сатып алғандығын растайтын фискалды түбіртектің суретін түсіру арқылы қатыса алады. Ал,  фискалды түбіртек берілмеген жағдайда, азаматтар бұл құқық бұзушылықтарға шағымдануына болады.

Акция осы жылдың 21 мамырынан 30 қарашасы аралығында жалғасады. Бұл аралықта, облысымыздың барлық аудандары мен қалаларында, ай сайын ұтыс ойындары ойнатылып, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталады.

Ақтық ұтыс ойыны ағымдағы жылдың соңында Мемлекеттік кірістер комитетінде өтіп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен бас жүлде – автокөлік тапсырылады.

Ұтыс ойындарында жеңімпаздар кездейсоқ таңдау нәтижесімен анықталады. Яғни, неғұрлым көбірек түбіртек жолдаған қатысушының жүлде ұтып алуға мүмкіндігі мол.

Ұтыс ойынына қайталама жолданған фискалды түбіртектер қатыса алмайды. 

Жеңімпаздарды анықтаудың әділ өтуін және шынайылығын қамтамасыз ету мақсатында, бизнес-қауымдастық, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен құралған комиссиялар жұмыс жасайтын болады.

Акцияны өткізудің басты мақсаты – азаматтардың тауар, жұмыс және қызмет тұтынушылары ретінде, өз мүдделерін қорғау мәселелері бойынша құқықтық мәдениетке тәрбиелеу.

 

Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті