
Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ салық тәуекелдерін ерте бастан алдын алу шараларын қабылдау жолымен, мемлекеттік кірістер органдары тұрақты негізде көрсетілетін қаржы-шаруашылық операциялардың фиктивтілігінің жоғары ықтималдығы бар салық төлеушілердің тізбесін айқындайды.
2019 жылдың 3 қазанындағы №1084 қосылған құн салығын әкімшілендіруді жетілдіру бойынша пилоттық жобаны іске асыру ережелері мен мерзімдеріне сәйкес, тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі негізінде тәуекелдік салық төлеушілерге қатысты камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама/хабарлау жолданады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 22 сәуірдегі №370 бұйрығымен бекітілген электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электрондық нысанда шот-фактураларды жазып беру ережесімен регламенттелген тәртіпте аталған ЭШФ қайтарып алу мүмкіндігімен, қаржы–шаруашылық операциялары жалған болу ықтималдығы жоғары 642 салық төлеушілерге хабарлама табыс етілді.
Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 133 салық төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылды, орналасқан жері бойынша 403 салықтық тексеру жүргізілді, 143 салық төлеуші қосылған құн салығы бойынша есептен шығарылды.
ЭШФ бұғаттау жүйесінің іске қосылуына байланысты, Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, электрондық шот-фактура жазу барысында мұқият болуларыңызды ұсынады.
Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің кедендік бақылауы тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде жүзеге асырылады. Бұл тауарларға қатысты шешім қабылдауға адам факторының әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Электрондық декларациялау және тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу мәліметтерді өңдеуді, уақытты және қаржылық шығындарды қысқартты, сыртқы экономикалық қызметке қатысушы мен кеден қызметкерлерінің арасындағы нақты байланыстарды азайту арқылы сыбайлас жемқорлықты төмендетіп, тауарлардың шығарылуын бақылауды қамтамасыз етті. Тәуекелдерді басқару жүйесін қолданудың мақсаты тәуекелдерді азайту бойынша шаралар қажеттілігі анықталмаған тауарларды жеңілдету және жеделдету үшін жағдайлар жасау болып табылады. Евразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұзу ықтималдығы жоғары тәуекелді объектілеріне аса маңыз аударылуда.
2019 жылы барлық декларациялардың 81%-ы тәуекелдің төмен деңгейіне байланысты кедендік бақылауды қолданбай шығарылды. Сонымен бірге, кедендік бақылау нәтижесінде кедендік құнға 1 509 түзету енгізіліп, 257 құқық бұзушылық анықталды.
Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың назарына, сыртқы экономикалық қызметке қатысушының саналылығы қаншалықты жоғары болса, кедендік әкімшіліктендіру қысымы соғұрлым төмен болады.
Шымкент қаласы бойынша МКД
Талдау және тәуекелдер басқармасы