
Шымкент қаласы Еңбекші ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында басшы құрамы, «Атамекен» Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы өкілдері, басқарма қызметкерлерінің қатысуымен салық төлеушілерген арналған семинар-кеңес болып өтті. Кездесуде кәсіпкерлерге 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін өзгерістер мен қолданыстағы заңнама талаптары айтылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, барлық қосылған құн салығын төлеушілер, импортталған тауарларды жүзеге асырушы салық төлеушілер, экспедиторлар мен комиссионерлер шот-фактураларды тек электронды нысанда жазып беруге міндетті. Ол үшін ҚҚС төлеушілер ЭШФ ақпараттық жүйесін пайдалану туралы келсім-шартқа тұруы керек. Бұл талаптарды орындамаған жағдайда, оларға ҚР ӘҚБ кодексінің 280-1 бабына сәйкес, әкімшілік шаралар қолданылатын болады.
Екінші талап, ҚР «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» Заңына сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап мегаполистің барлық авто жанармай құю станцияларында мұнай өнімдерін жүзеге асыру авто жанармай кұю станцияларының резервуарларын, мұнай өнімдерінің айналымы жөнінде автоматтандырылған түрде мәлімет беретін есепке алатын бақылау аспаптары арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Бұл талаптарды орындамаған салық төлеушілерге ҚР ӘҚБ кодексінің 281 бабының 8 тармағына сәйкес, 100 АЕК-тен 300 АЕК-дейін мұнай өнімдері тәркілене отырып, әкімшілік айыппұлдар салынатын болады.
Сондай-ақ, 2018 жылдың 1-қазанынан бастап онлайн бақылау-касса машиналарын қолданатындардың тізілімі кеңейтіліп, 17 қызмет түрімен айналысатын салық төлеушілер бақылау-касса машиналарын пайдалануға міндеттелді. Ал, 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап ашық сауда базарларының аумағындағы стационарлық емес сауда объектілері арқылы шағын бизнес субъектiлерi үшiн арнаулы салық режимi шеңберiнде (патент негізінде арнаулы салық режимiн қолданатын тұлғалардан басқа) жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер де онлайн БКМ қолдануға міндетті.
Семинарда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Шымкент қаласы бойынша директор орынбасары Қ.Акенов, бүгінде кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге кәсібін ашуға, дөңгелетуге көмек көрсетіп, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп, құжаттарды жинауға, шетел сарапшыларын тартуға, Германияда бизнес тағылымдамадан өтуге және тағы басқа көптеген сұрақтар бойынша тегін кеңес беретіндігін айтып өтті.
Жиын соңында, салықшылар мен палата өкілдері салық төлеушілерге заңнама талаптарын мерзімінде орындап, өздерін әкімшілік айыппұлдарға соқтырмауға шақырды және кәсіпкерлікті жүзеге асыру кезінде туындаған мәселелер бойынша кез-келген уақытта палатаға жүгінуге болатындығын хабарлады.
Шымкент қаласы бойынша МКД