Жарияланған күні: 13.12.2018 18:23
Өзгертілген күні: 13.12.2018 18:24

Елбасымыз, Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың 5 қазанында Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті заңсыз әкімшілік қысымнан салық амнистиясын жасау арқылы қорғауды тапсырды.

Бұл іс-шара 2019 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Негізгі салықты төлеген шағын және орта бизнес субъектілерінің өсімақылары мен айыппұлдарын кешіру – Елбасының Халыққа Жолдауында айтып, қызу талқыланып жатқан бастаманың бірі.

Елбасымыз салықтық заңбұзушылық бойынша қылмыстық жауапкершілікті қолдану шегін айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырды, сонымен қатар Қазақстан республикасы Үкіметіне 3 жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін шаралар қабылдауды міндеттеді. Елбасымыз тапсырмасы – кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық болып табылды. Олардың айтуынша, бұл шара – дер кезінде қолға алынған маңызды шешім. Оның мемлекет әл-ауқатын жақсартуға ықпалы күшті болмақ.

Салық амнистиясы тек шағын және орта бизнес өкілдеріне ғана қатысты болады. Акцизделетін топтар өндірушілері, мұнай саласындағы компаниялар, жалған кәсіпорындарға қатысты салық амнистиясы қолданылуға жатпайды.

Салық амнистиясы бойынша өзгерістер жыл соңына дейін тиісті заң жобасында қамтылатын болады.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасында мұндай шара алғаш рет 2001 жылы қолданылған, екінші рет 2006, ал үшінші рет 2014 жылы жүргізілген.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда Елбасымыз тапсырмасы бойынша жекелеген экономикалық қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен тиісті жұмыстар атқарылуда.

Бұл Елбасымыздың қылмыстарды криминалсыздандыру бойынша жүргізіп отырған саясатындағы жүйелі шара болып табылады.

Сондай-ақ, заңды тұлғалар үшін салықтық құқық бұзушылықтар бойынша қылмыстық жауапкершілік шегін 20 000 АЕК-ден  50 000 АЕК-ке дейін  арттыруға қатысты тиісті заңнамалық нормалар әзірленіп жатыр.

 

 

Шымкент қаласы бойынша МКД