Жарияланған күні: 04.06.2020 12:48
Өзгертілген күні: 04.06.2020 12:50

         Мемлекет басшысы Төтенше жағдай кезінде шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, оның ішінде салықтық ауыртпалықты төмендету жөнінде тапсырма берді.

         Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары шеңберінде салықтық, кедендік және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу, өсімпұл есептеу, шығыс операцияларын тоқтата тұру бойынша шаралар қабылдау тоқтатылды, декларацияларды және т.б. ұсыну мерзімдері ұзартылды. Бизнеске фискалдық қысымды азайту мақсатында салықтық, кедендік тексерулер, камералдық бақылау жүргізу тоқтатылды.

         Бұл ретте, Төтенше жағдай режимі қолданылуының аяқталуына байланысты ағымдағы жылғы 1 маусымнан бастап салықтық, кедендік тексерулерді жүргізу және камералдық бақылау бойынша хабарламаларды орындау мерзімдері жаңартылады. Сондай-ақ, салық төлеушілерге салық берешегін және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті өтеу туралы хабарламаларды жіберу автоматты режимде жаңартылады, олардың негізінде мәжбүрлеп өндіріп алудың одан әрі тәсілдері мен шаралары қолданылатын болады. Апелляциялық комиссиялардың қызметі жаңартылады.

         Осыған байланысты, Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті белгіленген мерзімде салықтық міндеттемелерді орындау мерзімдерін өткізіп алмауды және уақытылы ден қоюды Сіздердің назарларыңызға салады. Камералдық бақылау бойынша хабарламаларды орындау салық декларацияларын тапсыру немесе Салық төлеушінің кабинетінде электрондық түрде түсініктеме беру арқылы жүзеге асырылатынын естеріңізге саламыз.

Шымкент қаласы бойынша МКД

түсіндіру жұмысы басқармасы