Дата публикации: 24.08.2023 14:35
Дата изменения: 24.08.2023 14:36

Жемқорлықпен күрес – баянды болашақтың кепілі

 

Бүгінде сыбайлас жемқорлық мәселесі бүкіл әлемнің басты проблемаларының бірі болып табылады.

Өкінішке орай, cыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның да бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр.

 Тарихы терең сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат болса сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі.

Елімізде осы кеселмен күресуде Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың  2022 жылғы 2 ақпандағы №802 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдаманың» алатын орны ерекше.

Аталған Тұжырымдаға сәйкес  сыбайлас жемқорлықтың салдарымен емес,  оның алғышарттарымен күресуге баса назар аударылуда.

Бұл құбылысты тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға және оның деңгейін қысқартуға ерекше мән беріледі.

Мемлекеттік кірістер органдары жүйесінде сыбайлас жемқорлықпен күресудің өзіндік қиындықтары бар.

Өйткені, фискалдық функцияларды жүзеге асыра отырып, салық және кеден органдары кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық мүдделеріне әсерін тигізетіні анық. Сондықтан, көбіне сыбайлас жемқорлық қатынастар орнатуға екі жақ та мүделлі болып келеді, мемлекеттік қызметші үшін бұл заңсыз табыс көзі болса, жосықсыз бизнес өкілі үшін ол кеден немесе салықтық рәсімдерді тездетіп, бюджетке төленетін төлемдерді азайту болып табылады.

Бұл ретте, бизнес өкілдері пара алған адаммен қатар, пара берген адам да қылмыстық жауаптылықта болатынын білуі қажет.

Сол себепті, мемлекеттік кірістер саласында сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін салықтөлеушілердің құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықтық түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру маңызы зор.

Халық арасында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетпен» қатар «салық мәдениетін» де дамыту өте маңызды.

Себебі, салық мәдениеті жоғары кәсіпкер, салықтан жалтарудың заңсыз жолдарын іздемей, өзінің салықтық міндеттерін адал атқара отырып, сыбайлас жемқорлық көріністеріне тойтарыс бере алады.

Бұл ретте, кәсіпкерлер өздерінің құқықтарын, атап айтқанда өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет.

Мемлекеттік кірістер жүйесінде сыбайлас жемқорлықпен күресуде салықтөлеушілермен байланысты азайтуға, көрсетілетін қызметтерді цифрландыруға бағытталған кешенді іс-шаралар жүзеге асырылған.

Атап айтқанда, кеден саласында «Астана-1» ақпараттық жүйесі арқылы кәсіпкерлер кедендік декларацияларын кеденге келместен, яғни қашықтықтан рәсімдей алады. Ақпараттық жүйеде тауарлар «жасыл» дәліз арқылы рәсімдегенде, кеден органына келместен тауарын экспортқа жіберіп  немесе импорттай алады.

Ал, салық жүйесінде енгізілген «е-Salyq Azamat» және «е-Salyq Business» мобильді қосымшалары арқылы, салық органына келместен салықтық есептіліктерді тапсыруға, есептелген салықтар туралы ақпаратты білуге, тағы көптеген функцияларды жүзеге асыруға болады.

Мұндай шаралардың барлығы, бизнес өкілдеріне қолайлы жағдай жасай отырып, олармен тікелей байланысты азайтып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған.

Дегенімен, жемқорлықпен күресуде  бүкіл қоғам болып күрескенде ғана оң нәтижеге жетуге болатынын ұғынуымыз қажет.

Ахмет Байтұрсынұлының «Телміріп тапқан теңгеден – тер төгіп тапқан тиын жұғымды», деген ұлы сөздері барлығымызға  ұран болып, адалдық, парасаттылық пен әділдік қағидаттарын ұстануға  міндеттейді.

 

Шымкент қаласы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаменті

басшысының орынбасары - 

Әдеп жөніндегі уәкілі

Е.Тұрысов