Date of publication: 17.04.2023 08:36
Date of changing: 17.04.2023 08:37

Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат болса сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі.

Елімізде осы кеселмен күресуде Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы №802 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдаманың» алатын орны ерекше.

Аталған Тұжырымдамада басты назар сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күреске емес, оның алғышарттарын, оны тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға және оның деңгейін қысқартуға аударылған.

Баршаға белгілі, көп жағдайда сыбайлас жемқорлық екі тараптың мүдделерін қаңағаттандыруға бағытталады.

Мемлекеттік кірістер органдары жүйесінде сыбайлас жемқорлықпен күресудің өзіндік қиындықтары бар. Атап айтқанда, көбіне сыбайлас жемқорлық қатынастар орнатуға екі жақ та мүделлі болып келеді, мемлекеттік қызметші үшін бұл заңсыз табыс көзі болса, жосықсыз бизнес өкілі үшін ол кеден немесе салықтық рәсімдерді тездетіп, бюджетке төленетін төлемдерді азайту болып табылады.

Бұл әрине, екі жақтың да өздерінің қоғам алдындағы міндеттері мен  жасаған заңсыз іс-әрекетінің жауапкершілігіне немқұрайлықпен қараудың, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейінің төмендігінің нәтижесі болып табылады.

Әдетте, салықтөлеушілер, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, пара алушымен қатар, пара берушіге де қатаң жауапкершілік қарастырылғанына аса мән бермейді.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 367-бабына сәйкес, мемлекеттік қызметшіге жеке өзіне немесе делдал арқылы пара беру –   параның сомасына және пара беру жағдайларына байланысты, параның 20 еселенгеннен 60 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соғуы мүмкін.

Пара алушы адамға бұрын жасаған заңды әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін сомасы немесе құны екі айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сыйлықты бірінші рет беру, егер осы адам жасаған әрекеттер (әрекетсіздік) алдын ала уағдаластықпен байланысты болмаса, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды.

Мұндай жағдайда, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес, жеке тұлғалар үшін - 200 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде әкімшілік айыппұл көзделген. (АЕК – 3450тг.)

Ал, заңды тұлғалар үшін айыппұл  мөлшері 750, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалса 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiн құрайды.

Осы тұста, әр бір азамат өзінің мемлекет алдындағы жауапкершілігін  ұғына отырып, өз тарапынан сыбайлас жемқорлықпен күресуге, пара бермеуге, пара талап еткен тұлғаларды әшкерелеуге ықпал етуі қажет.

Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері тарапынан қандай-да бір заңсыз іс-әрекеттер белгілері орын алса Департаменттің Әдеп жөніндегі уәкіліне 35-36-23 телефон арқылы немесе 21-44-51 «сенім телефонына» хабарласуды сұраймыз.

 

Шымкент қаласы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаменті

басшысының орынбасары -  

Әдеп жөніндегі уәкілі

Тұрысов Ерлан Әлімқұлұлы