Жарияланған күні: 09.11.2018 09:59
Өзгертілген күні: 09.11.2018 10:03

      1. Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау тәртібі осы тарауда айқындалады.

      2. Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешімді уәкілетті орган не уәкілетті орган айқындаған кеден органы (кеден органдары) қабылдайды.

      3. Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім белгілі бір марканы, модельді, артикулды және түрленімді қамтитын тауардың әрбір атауы бойынша қабылданады.

      4. Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешімнің нысанын, оны толтыру және тауарларды сыныптау туралы осындай алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізу тәртібін Комиссия айқындайды.

      5. Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешімді алған тұлға оны жоғалтқан жағдайда, кеден органы тауарды сыныптау туралы жоғалтылған алдын ала шешім туралы мәліметтер қамтылған өтініш негізінде, өтініш кеден органына келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мұндай тұлғаға тауарды сыныптау туралы алдын ала шешімнің телнұсқасын береді.

      Телнұсқаны берген кезде алдын ала шешім қабылдау үшін кедендік алым алынбайды.

      Телнұсқаны алу үшін өтініш иесі тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдаған кеден органына еркін нысанда, электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде өтініш береді.

      Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешімнің телнұсқасында алдын ала шешімнің түпнұсқасында қамтылған барлық мәліметтер, оның ішінде тауарды сыныптау туралы алдын ала шешімінің тіркеу нөмірі мен қабылданған күні көрсетіледі және "Телнұсқа" деген белгі қойылады.

      Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім телнұсқасының қолданыс мерзімі тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім түпнұсқасының қолданыс мерзімі болып табылады.

 

Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш

      1. Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешімді кеден органы тұлғаның (бұдан әрі осы тарауда – өтініш иесі) уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша, электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берген, тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтініші негізінде қабылдайды.

      2. Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш тауардың толық коммерциялық атауын, фирмалық атауын (тауар белгісін), негізгі техникалық және коммерциялық сипаттамаларын және тауарды біржақты сыныптауға мүмкіндік беретін өзге де ақпаратты, сондай-ақ тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау үшін кедендік алымның төленгені туралы мәліметті қамтуға тиіс.

      Қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтінішке тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау үшін кедендік алымның төленгені туралы құжаттың көшірмесі қоса беріледі.

      Қажет болған жағдайда, кедендік сараптама жүргізу үшін тауардың сынамалары және (немесе) үлгілері, сондай-ақ фотосуреттері, суреттері, сызбалары, бұйымдардың паспорттары және тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау үшін қажетті, өтініш иесінің мөрімен (ол болған жағдайда) куәландырылған басқа да құжаттар ұсынылады.

      Кеден органы тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтінішке қоса берілген, қазақ немесе орыс тілі болып табылмайтын тілде жасалған құжаттарда қамтылған мәліметтердің аудармасын талап етуге құқылы.

      Тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау кезінде кедендік сараптама тағайындау тәртібі мен жағдайларын уәкілетті орган бекітеді.

      3. Егер өтініш иесі ұсынған құжаттар мен мәліметтер тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау үшін жеткіліксіз болса немесе толық көлемде ұсынылмаса, кеден органы тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш кеден органына келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш иесіне қосымша ақпарат ұсыну қажеттігі туралы сұрау салу жібереді.

      Қосымша ақпарат кеден органы өтініш иесіне қосымша ақпарат ұсыну қажеттігі туралы сұрау салу жіберген күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен кешіктірілмей ұсынылуға тиіс.

      4. Егер қосымша ақпарат белгіленген мерзімде ұсынылмаса не ұсынылған қосымша ақпаратта тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдауға мүмкіндік беретін мәліметтер қамтылмаса, кеден органы тауарды сыныптау туралы мұндай алдын ала шешім қабылдаудан бас тартады және бұл туралы өтініш иесін бас тарту себептерін көрсете отырып хабардар етеді. Бұл ретте тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау үшін өтініш иесі төлеген кедендік алым қайтарылмайды.

      5. Кеден органы тауарды сыныптау туралы алдын ала шешімдерді уәкілетті орган бекіткен тәртіппен және нысан бойынша тауарды сыныптау туралы алдын ала шешімдерді тіркеу журналында тіркейді.