Жарияланған күні: 21.09.2018 12:22
Өзгертілген күні: 21.09.2018 12:30

          Әкімші – сотта істерді қарау және оңалту рәсімі мен банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде белгіленген тәртіпке сәйкес сотпен тағайындалатын уақытша әкімші, оңалтуды, уақытша және банкроттықты басқарушылар. Олар борышкердің жалғыз басқарушы органы ретінде әрекет етеді және өз өкілеттіктерін борышкердің орналасқан жері бойынша жүзеге асырады.

Әкімші ретінде қызметті жүзеге асыру үшін үміткер адамдарға қойылатын талаптар мыналар:

      1) жоғары заңгерлік немесе экономикалық бiлiмiнiң болуы;

      2) экономикалық, қаржылық немесе заң қызметі салаларында кемінде үш жыл жұмыс тәжiрибесiнiң болуы;

      3) Қазақстан Республикасының азаматтығы;

      4) наркологиялық немесе психиатриялық диспансерде есепте тұратыны туралы мәліметтердің болмауы;

      5) жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығының болмауы;

      6) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танығаны туралы мәліметтердің болмауы.

Жоғарыдағы аталған талаптарға сәйкес келетін әкімші қызметін жүзеге асыру құқығына үміткер тұлғалар, әкімші қызметін жүзеге асыру туралы өтінішпен жергілікті «Халыққа қызмет көрсету орталықтары» арқылы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне құжаттарын жолдай алады. Сонымен қатар, өтінішпен бірге, жоғары заңгерлік немесе экономикалық бiлiмiн растайтын дипломның нотариялды куәландырылған көшірмесін және экономикалық, қаржылық немесе заң қызметі салаларында кемінде үш жыл жұмыс тәжiрибесiнiң болуы туралы еңбек кітәпшасының нотариялды куәландырылған көшірмесін жолдауы қажет.

Әкімші ретінде қызметті жүзеге асыру үшін өтінішін жолдаған үміткер тұлғаларға біліктілік емтиханды тапсыруға 10 күн қалғанға дейін, біліктілік емтиханның өтетін жері, уақыты туралы және т.б. мәліметтерді Мемлекеттік кірістер комитетімен үміткер тұлғаның өтініште көрсеткен телефонға қоңырау шалу арқылы хабарланады.

Біліктілік емтиханды тапсыратын тұлғаларға қойылатын типтік тестілеу сұрақтарының тізілімін ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің (www.kgd.gov.kz) web-сайтында, «Оңалту және Банкроттық» бөлімінен таба аласыздар.

Біліктілік емтиханын ойдағыдай тапсырған және Заңда белгіленген тәртіппен уәкілетті органға қызметін бастағаны туралы хабарлама берген адам әкімші болып тағайындалады.

Әкімші қызметін жүзеге асыру құқығына үміткер адамдардың біліктілік емтиханын тапсырғаны туралы Комиссия шешімін қоса бере отырып, өтініш берушінің уәкілетті органға қызметінің басталғаны туралы хабарлама беруі өтініш берушінің хабарламасын әкімші қызметін жүзеге асыруға құқығы бар адамдар хабарламаларының тізіліміне енгізу үшін негіз болып табылады.

Әкімші қызметін жүзеге асыру құқығына үміткер адамдардың біліктілік емтиханын тапсырғаны туралы Комиссия шешімі біліктілік емтиханын тапсырған күннен бастап бір жыл бойы жарамды болады.

Уақытша және банкроттықты басқарушылардың негізгі сыйақысы борышкердің мүлкінен төленеді. Сонымен қатар, әкiмшiлiк және сот шығыстары банкрот мүлкiнiң есебiнен кезектен тыс өтеледi.

Банкроттық рәсімді өткізу мерзімі ұзартылған жағдайда банкроттықты басқарушының негізгі сыйақысы банкроттық рәсімінің аяқталуына дейін кредиторлар жиналысы шешімінің негізінде белгіленген негізгі сыйақы мөлшерінің елу пайызынан аспауға тиіс.

Уақытша әкімшінің, оңалтуды, уақытша және банкроттықты басқарушылардың негізгі сыйақысының ең төмен және ең жоғары шектері:

р/с

Сыйақыны алатын тұлға

Негізгі сыйақының ең төмен шектері

Негізгі сыйақының ең жоғары шектері

1

Уақытша әкімші

15 АЕК

30 АЕК

2

Оңалтуды басқарушы

25 АЕК

50 АЕК

3

Уақытша басқарушы

15 АЕК

30 АЕК

4

Банкроттықты басқарушы

25 АЕК

50 АЕК

Уақытша әкімшінің, оңалтуды, уақытша және банкроттықты басқарушылардың негізгі сыйақысының уәкілетті орган белгілеген шегінде төлеуге жататын мөлшерін кредиторлар жиналысы айқындайды.

 

Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті