Жарияланған күні: 27.02.2019 09:13
Өзгертілген күні: 27.02.2019 09:13

Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 360-бабына сәйкес, резидент-еңбекші көшіп келушілер салықтық кезең ішінде еңбекші көшіп келушіге рұқсат негізінде, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жасалған еңбек шарттары бойынша алынған (алуға жататын) кірістер бойынша жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төлеуді жүргізеді.

Жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем еңбекші көшіп келушіге рұқсатты алуға (ұзартуға) арналған өтінішінде резидент-еңбекші көшіп келуші көрсеткен тиісті кезеңнің жұмыстар орындалатын (қызметтер көрсетілетін) әрбір айы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 2 еселенген мөлшерінде есептеледі.

Резидент-еңбекші көшіп келуші жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төлеуді еңбекші көшіп келушіге рұқсатты алғанға (ұзартқанға) дейін болатын жері бойынша жүргізеді.

Салықтық кезең аяқталғаннан кейін резидент-еңбекші көшіп келушілер жеке табыс салығының сомасын есептеуді кірістің салық салынатын сомасына осы Кодекстің 320-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.

         Кірістің салық салынатын сомасы жұмыстарды орындаудан (қызметтерді көрсетуден) алынған (алуға жататын), еңбекші көшіп келушіге рұқсатта көрсетілген тиісті кезеңнің жұмыстар орындалатын (қызметтер көрсетілетін) әрбір айы үшін есептелген, республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын бір ең төмен жалақы мөлшерінің сомасына азайтылған кірістер сомасы ретінде айқындалады.

         Резидент-еңбекші көшіп келуші салықтық кезең ішінде бюджетке төлеген алдын ала төлемдер сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығын төлеу есебіне есепке жатқызылады.

         Егер салықтық кезең ішінде жеке табыс салығы бойынша төленген алдын ала төлемдер сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығының сомасынан асып кетсе, онда мұндай асып кету сомасы артық төленген жеке табыс салығының сомасы болып табылмайды және қайтаруға немесе есепке жатқызуға жатпайды.

         Егер салықтық кезең ішінде жеке табыс салығы бойынша төленген алдын ала төлемдер сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығының сомасынан аз болса, онда жеке табыс салығын есептеу жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетіледі және салықтық кезең қорытындысы декларациясы бойынша жеке табыс салығын төлеуді резидент-еңбекші көшіп келуші жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей болатын жері бойынша жүзеге асырады.

Осы Кодекстің 360-бабында көзделген кірістер бойынша жеке табыс салығы бойынша декларацияны Қазақстан Республикасының резидент-үй жұмыскерлері болып табылатын еңбекші көшіп келушілер болатын жері бойынша салық органына есептi салықтық кезеңнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей тапсырады.

         Бұл ретте осы Кодекстің 360-бабында көзделген кірістерді алған резидент-еңбекші көшіп келуші салықтық кезең ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кеткен жағдайда, жеке табыс салығы бойынша декларация (декларациялар) осындай адам Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кететін күніне дейін тапсырылады.

 

                                                           Шымкент қаласы бойынша МКД